TKS Disputes бизнесті қылмыстық істер бойынша қорғау үшін адвокаттық кеңсе ашты

Кеңсені адвокат, TKS Disputes фирмасының кеңесшісі әрі қылмыстық істер жөніндегі практикасының жетекшісі Назерке Ризабекова басқарады. Кеңсенің ашылуы – практиканы дамытудың келесі кезеңі: біз ірі қылмыстық істер мен кешенді дауларды жүргізу үшін командамызды кеңейтіп жатырмыз.

Қылмыстық істі тергеп-тексеру корпоративтік даумен, шарттан туындайтын даумен немесе берешекті өндіріп алу ісімен қатар жүруі мүмкін. Бір іс бойынша қабылданған шешімдер компанияның басқа істердегі құқықтық жағдайына әсер етеді.

Ірі жобаларды жүргізу үшін TKS Disputes кеңсе адвокаттары мен фирманың сот және төрелік даулар жөніндегі заңгерлерін біріктіретін командалар жасақтайтын болады. Әр команданың құрамы мен мамандар саны жобаның ауқымына қарай айқындалады. Бұл ортақ стратегияны сақтай отырып, үлкен көлемдегі құжаттармен жұмыс істеуге және өзара байланысты бірнеше істі қатар жүргізуге мүмкіндік береді.

Кеңсе жұмысы команданың мұнай-газ секторында, металлургия және тау-кен өнеркәсібінде, банк және брокерлік бизнесте, сондай-ақ криптоиндустрияда жинақтаған тәжірибесіне негізделеді.

Практика аясындағы жобалардың қатарында:

  • Халықаралық банк – 17 млн АҚШ доллары. Банктік кепілдік бойынша міндеттемелерді орындауға және кепілге салынған мүлікті иеліктен шығаруға байланысты қаражатты жымқыру ісі бойынша банктің мүддесін білдіру.
  • Ірі мұнай-сервистік компания – айыптауда көрсетілген залал сомасы 14,9 млн АҚШ доллары. Бұрғылау келісімшарттарын орындау кезінде жымқыру жасалды деген күдікке қатысты іс бойынша компанияның мүддесін білдіру. Команда қылмыстық істің толық тоқтатылуына қол жеткізді.
  • Ірі металлургиялық компания – 2,7 млн АҚШ доллары. Өнеркәсіптік жабдықтарды сатып алу арқылы жасалған жымқыру ісі бойынша компанияның мүддесін білдіру.
  • Мұнай өндіруші компания – 2,2 млн АҚШ доллары. Жер қойнауын заңсыз пайдалану туралы күдікке қатысты іс бойынша компанияны қорғау. Команда іс-әрекеттердің құқықтық саралануына және залал мөлшерінің есептелуіне дау айтты. Қылмыстық іс толық тоқтатылды.
  • Криптомайнинг саласындағы ірі оператор – 1,2 млн АҚШ доллары. Криптоактивтер түріндегі инвестицияларды жымқыру ісі бойынша оператордың мүддесін білдіру.

Кеңсе экономикалық және лауазымдық қылмыстарға қатысты істер бойынша бизнес пен оның негізгі тұлғаларын, соның ішінде құқықтық тәуекелдер мен іскерлік беделге нұқсан келу қаупі жоғары жағдайларда да қорғайды.

Жарияланған күні:

30.10.2026

Басқа жаңалықтар