Дауларды шешу: АХҚО-ның бизнес үшін маңызы

Мақала алғаш рет The Business Year басылымының Kazakhstan 2026 шығарылымында жарияланған, 19-бет.

Қазақстанда дауларды шешу: АХҚО-ның бизнес үшін маңызы

Кәсіпкерлік қызметте даулардың туындауы — заңды құбылыс. Олар коммерциялық берешекті өндіріп алуға, шарттық міндеттемелерді орындатуға немесе акционерлер арасындағы келіспеушіліктерді реттеуге байланысты болуы мүмкін. Дау туындаған кезде оны қарайтын сотты немесе төрелікті таңдау — жай ғана процестік мәселе емес. Бұл таңдау көбіне даудың қаншалықты жедел әрі әділ шешілетінін және түпкілікті шешімнің орындалу мүмкіндігін айқындайды. Қазақстанда жұмыс істейтін немесе қазақстандық контрагенттермен шарт жасасатын компаниялар үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Соты мен АХҚО Халықаралық төрелік орталығының (ХТО) өзіндік артықшылықтары бар. Бұл артықшылықтарды алдын ала түсініп, ескерген жөн.

АХҚО Соты: Қазақстандағы халықаралық стандарттарға сай сот төрелігі

АХҚО Сотының құрамына бұрын Англия мен Уэльс соттарында қызмет еткен беделді судьялар кіреді. Сот Төрағасы Мэлдон лорды Бернетт бұған дейін Англия мен Уэльстің лорд-бас судьясы қызметін атқарған. Бұл — әлемдегі ең беделді құқықтық жүйелердің біріндегі ең жоғары сот лауазымы. Сот құрамында күрделі коммерциялық істерді қарауда ондаған жылдық тәжірибесі бар судьялар жұмыс істейді.

Судьялардың осындай біліктілігі АХҚО Сотында істердің әділ, бейтарап әрі әрдайым жоғары кәсіби деңгейде қаралуын қамтамасыз етеді. Тыңдаулар ағылшын тілінде өтеді. Соттың дауларды ағылшын құқығының немесе тараптар таңдаған өзге құқықтың нормаларын қолдана отырып шешуге барлық қажетті мүмкіндігі бар. Мысалы, екі шетелдік компания Қазақстанда тіркелмеген болса да, өз дауын АХҚО Сотының қарауына беру туралы уағдаласа алады.

Қазақстанның мемлекеттік соттарымен салыстырғанда, АХҚО Сотындағы іс жүргізу тәртібі анағұрлым икемді. Судьялар әр іске оның күрделілігі мен талап қою сомасына сай уақыт бөледі. Соның арқасында ірі немесе техникалық тұрғыдан күрделі дауларға тиісті назар аударылады. Істер жедел қаралады: түпкілікті әрі тараптар үшін міндетті шешім алу үшін әдетте шамамен алты ай қажет. Апелляциялық тәртіппен шағымдануға жол берілгенімен, іс жүзінде бұл өте сирек кездеседі. Мұның өзі АХҚО Соты шешімдерінің тұрақтылығы мен болжамдылығын қамтамасыз етеді.

Тағы бір маңызды ерекшелік — ашықтық. АХҚО Сотындағы талқылаулар ашық өтеді, ал шешімдер интернетте жарияланады. Мұндай ашықтық сенімді нығайтып, сот практикасының болжамдылығын арттырады. Бұл, әсіресе, Қазақстанның бизнес жүргізу үшін қаншалықты сенімді орта екенін бағалайтын шетелдік инвесторлар үшін маңызды.

АХҚО Халықаралық төрелік орталығы: құпиялылық және тараптар еркінің дербестігі

Құпиялылыққа басымдық беретін тараптар үшін ХТО-дағы төрелік дауды шешудің балама жолын ұсынады. Дауды төрелікте қарау үшін тараптардың келісімі қажет. Әдетте, мұндай келісім шарт талаптарын келісу кезеңінде шартқа төрелік ескертпе түрінде енгізіледі.

ХТО тараптарға іс жүргізу тәртібін барынша дербес айқындауға мүмкіндік береді. Тараптар мыналарды таңдай алады:

  • төрешіні немесе төрешілер алқасын;
  • талқылау жүргізілетін тілді;
  • тыңдаулардың өткізілу форматын — тікелей қатысу арқылы немесе қашықтан;
  • процестік әрекеттерді және оларды жүзеге асыру кестесін.

Істі үш төрешіден тұратын алқа қарайтын болса, әр тарап бір төрешіні тағайындайды. Бұл төрелік құрамының даудың коммерциялық мән-жайын, салалық ерекшеліктерді және тараптардың іскерлік мәдениетін жақсырақ түсінуіне ықпал етеді.

АХҚО Соты арқылы шешімдерді орындату: шешуші артықшылық

ХТО-ның ең маңызды әрі бірегей ерекшеліктерінің бірі — төрелік шешімдерді орындату тетігі. Қазақстандағы немесе шетелдегі басқа төрелік институттардың шешімдерінен айырмашылығы, ХТО шешімдерін тану және орындауға келтіру тек АХҚО Соты арқылы жүзеге асырылады. Бұл рәсімдер Қазақстанның мемлекеттік соттары арқылы өтпейді.

Бұл айырмашылықтың практикалық маңызы зор. Қазақстанды қоса алғанда, көптеген юрисдикциялардың мемлекеттік соттары халықаралық төрелікке қатысты мәселелерді қараған кезде олардың ұстанымын алдын ала болжау қиын болуы мүмкін. Ал төрелік шешімдерді орындатуға қатысты қарсылықтар елеулі қиындықтар туғызуы ықтимал. АХҚО Соты, керісінше, халықаралық стандарттарға сай төрелікті қолдауға бағытталған тәсілді дәйекті түрде қолданады. Соның нәтижесінде ХТО шешімдерінің дауланған жағдайда да күшінде қалу ықтималдығы едәуір жоғары, ал оларды Қазақстанда орындату рәсімі анағұрлым қарапайым әрі сенімді.

Шешімдерді орындатудың осындай тәртібі — Қазақстанда шарт жасасатын компаниялардың дауларды ХТО-ның қарауына беру туралы төрелік ескертпелерді шарттарына барған сайын жиі енгізуінің негізгі себептерінің бірі.

Бизнес үшін стратегиялық таңдау

Қазақстанда жұмыс істейтін немесе қазақстандық контрагенттермен іскерлік қатынас орнататын компаниялар дауды қарайтын сотты не төрелікті шарт әзірлеу кезеңінің өзінде мұқият таңдауы қажет. АХҚО Сотын немесе ХТО-ны таңдау мынадай артықшылықтар береді:

  • даулардың неғұрлым жедел әрі болжамды шешілуі;
  • әлемдік деңгейдегі судьялар мен төрешілерге жүгіну мүмкіндігі;
  • шешімдердің халықаралық стандарттарға сай орындалуы;
  • қазіргі заманғы коммерциялық дауларды шешуге бейімделген орта.

Қазақстанмен байланысты трансшекаралық мәмілелердің көлемі ұлғайып отырған жағдайда АХҚО тетіктерін түсіну мен пайдалану стратегиялық маңызға ие. Бұл дау туындаған кезде тараптың ұстанымын едәуір нығайта алады.

Дереккөз: The Business Year, Kazakhstan 2026, 19-бет.

Жарияланған күні:

11.11.2026